Сұрақ: Оқу төлемақысын ай сайын бөліп төлеуге болады ма?
Жауап: Білім беру қызметін ақылы негізде көрсету келісім шарты бойынша бірінші жартыжылдықтың төлемақысын 20 қыркүйекке дейін, екінші жартыжылдықтың төлемақысын 20 ақпанға дейін төлеу қажет. Алайда, студенттің әлеуметтік жағдайына байланысты немесе басқа ерекше жағдайларда оқу төлемақысын төлеу реті қашықтықтан оқыту институтының директорының рұқсатымен өзгерту мүмкіндігі бар. Ол үшін институт директорының атына өтініш жазу керек.
Сұрақ: Қашықтықтан оқыту бойынша сабаққа қатысу міндетті ме?
Жауап: Біздің университетте қашықтықтан оқыту технологияларын қолданып оқитын студенттер үшін аудиториялық сабақтар да қарастырылған. Бұл сабақтарға қатысу міндетті емес, бірақ, олар студенттер үшін практикалық дағдыларды дамыту үшін өте пайдалы. Толығырақ...
Сұрақ: Сырттай оқитын студенттеріне 1 айлық сынақ-емтихан сессиясына келгенде жатақханаға орналасу мүмкіндігі барма?
Жауап: Сырттай оқитын студенттерге мұндай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Ерекше жағдай ретінде басқа елдерден келген студенттер үшін бөлінуі мүмкін.
Сұрақ: Қазіргі уақытта мен жеделтетілген I-курс студентімін. Ары қарай Болашақ бағдарламасымен оқуымды жалғастыруым үшін орташа балым қанша болуы қажет?
Жауап: Бұл мәселе бойынша www.bolashak.gov.kz "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ сайтынан ақпарат ала аласыз.
Сұрақ: Педагогикалық мамандық, бойынша жеделтетілген 1-курс студентімін. Іс-тәжірибеден өзім тұратын ауылда өту үшін қандай құжаттар қажет?
Жауап: Студенттердің өз мекен-жайына ыңғайлы мекемелерде іс-тәжірибеден өту үшін оқу жылының басында шығарушы кафедраға іс-тәжрибе өтетін мекемемен белгіленген үлгі бойынша құрылған келісім шартты өткізуі қажет.
Сұрақ: Мен 2016 жылдың қаңтар айында оқу төлем ақысын төлемегенім үшін ( келісім шартты орындамағаным) оқудан шығарылдым. Маған қазіргі кезде оқу төлем ақысын төлеп,оқуымда қайта жалғастыруға болады ма?
Жауап: Егер сіз, мысалы, қаңтар айының 20-нан бастап келісім шартты орындамағаны үшін оқудан шығарылған болсаңыз, төрт апта ішінде оқу төлем ақысын төлеп, ректордың атына өтініш жазып, оқуыңызды қайта жалғастыруыңызға болады. Алайда төрт апта ішінде төлей алмасаңыз, келесі оқу жылдарында ғана оқуға қайта келуге мүмкіншілігіңіз бар.
Сұрақ: ЖОО-на оқуға қайта келу құжаттары қай уақытта қабылданады?
Жауап: Студенттердің жазғы (тамыз айының 20-30 аралығында) және қысқы ( қаңтар айының 5-20 аралығында ) демалыс мезгілінде.
Сұрақ: Басқа ЖОО-нан К және ҚО факультетіне ауысу үшін қандай құжаттар қажет?
Жауап: Бұрынғы оқу орнынан академиялық анықтама (транскрипт), диплом немесе аттестат (түпнұсқа), жеке куәліктің көшірмесі, сертификат көшірмесі.
Сұрақ: Маған 4- семестрдің оқу төлем ақысын қаржылық тапшылықтардың болуына байланысты 10 наурызға дейін создыруға мүмкіншілік бола ма?
Жауап: Университеттің келісім-шарты бойынша сіз ақпанның 20-на дейін оқу төлем ақысын 100% төлеуіңіз қажет. Алайда Сізде қаржылық қиыншылықтар болып жатса, оқу төлем ақысының мерзімін белгілі бір уақытқа дейін создыруыңызға болады.Ол үшін Сіз факультет деканының атына қай уақытта төлей алатыныңызды көрсетіп, өтініш жазуыңыз қажет. Осылай арнайы құжат рәсімделген жағдайда сіз төлем ақыны создыруға рұқсат ала аласыз.
Сұрақ: Басқа ЖОО-нан ауысқан студенттерге пән айырмашылығын қай уақытта тапсыруға болады?
Жауап: Пәннің академиялық айырмашылығын жою үшін студент оқу жоспарындағы пәндерге жазылады, академиялық кезең барысында оқу сабақтарының барлық түрлеріне қатысады, ағымды бақылаудың барлық түрін тапсырады және қорытынды бақылауға рұқсат алады. Егер пәндер айырмашылығы сабақ кестесіне енбеген болса, студент айырмашылықты жазғы семестрде тапсырады.
Сұрақ: Қандай жағдайларда сынақ-емтихан сессиясын ұзартуға болады?
Жауап: Егер сіз орынды себептерге байланысты (қызмет бабына, денсаулығына және т.б. ) бекітілген кестеге сай сынақ-емтихан сессиясын уақтысында тапсыра алмасаңыз, себептерін көрсетіп, факультет деканының атына өтініш жазу арқылы создыруыңызға болады.
Сұрақ: Маған қандай жағдайда академиялық демалыс алуға болады және ол үшін қандай құжаттар керек?
Жауап: Ережеге сәйкес академиялық демалыс ер балаларға әскери қызметке шақырылуына байланысты, ұзақ емделуді қажет ететін қатты ауруға шалдыққан (кенеттен апатқа ұшырау т.б. ) немесе 3-жасқа дейінгі баланы асырап алған жағдайда беріледі. Ол үшін әскерге шақырылған азаматтың растайтын құжаты, ауырған азаматтың 6-12 айға дейін ұзақ мерзімдік ем қабылдауы қажет деген ДКК анықтамасы және бала асырап алғандығы жайлы құжаты тіркеліп, ректордың атына өтініш жазылуы тиіс.
Сұрақ: Банктердің білім беру кредиттерін кешкі бөлімде оқитын студенттерге алу мүмкіншілігі барма? Ол үшін қандай құжаттар керек.
Жауап: Студенттік білім беру кредитін талапкерлер де, Қазақстанның барлық ЖОО-ларында барлық оқу нысандары бойынша, оның ішінде магистратурада оқитын студенттер де ала алады.
Сұрақ: Менің жұмыс кестем өте тығыз, жиі іс-сапарларға барамын. Оқуға уақытым жетпей ме деп қорқамын. Жеке кестемен оқуға болады ма?
Жауап: Қашықтықтан оқудың ерекшелігі әр студентке жеке көңіл бөлу және өзіндік кестемен пәндерді игеріп, оқу жылының барысында бақылау шараларының мерзімін өзіңіз тағайындауға мүмкіндік жасау болып табылады. Қысқартылған оқу түріне (екінші жоғарғы білім және профильді колледжден кейін) оқуға түскендерге арнайы рәсімделген жеке оқу кестесі беріледі. Онда бұрын оқыған пәндер қайта есептеледі (қайта аттестатталады).
Сұрақ: Қашықтықтан оқудағы оқытушылар кім?
Жауап: Біздің барлық оқытушылар – университетіміздің біліктілігі жоғары, ғылыми – педагогикалық тәжрибесі мол профессор – оқытушылары.
Сұрақ: Оқытушы маған пәнді игеруде қандай көмек бере алады?
Жауап: Оқытушы пән тақырыптары бойынша сіздің қашықтықтан оқыту электронды жүйесінің (www.sdo. ukgu.kz) оқу-ақпараттық порталындағы форум, чат немесе файл алмасу арқылы қойылған сұрақтарыңызға жауап береді. Ол сіздердің бақылау жұмыстарыңызды тексереді, қорытынды баға қояды, сіздермен жұмыстарыңызды талқылайды және түсіндіреді. Бұдан басқа Сіз тобыңыздың құрамында, оқытушының басшылығымен желілік пікірсайыстарға қатысуыңызға болады.
Сұрақ: Мен оқытушыға қаншалықты жиі сұрақ қоя аламын және ол маған қаншалықты тез жылдам жауап береді?
Жауап: Қажеттілік туындауына байланысты. Оқытушы сіздің сұрақтарыңызға 3 жұмыс күні мерзімінде жауап беруі тиіс. Бақылау жұмысын тексеруге бұдан көп уақыт кетуі мүмкін, бірақ екі аптадан аспауы тиіс.
Сұрақ: Егер мен қандай да бір пәннен қанағатсыз баға алып қалсам не істеуім керек?
Жауап: Сізде емтиханды немесе курстық жұмысты/жобаны қайта тапсыруға мүмкіндік болады. Кешкі және қашықтықтан оқыту факультетінің оқу жұмысы бойынша маманы Сізге қанағатсыз баға алған пәнді қайта тапсыруды ұйымдастыруға көмектеседі.
Сұрақ: Факультеттің оқу жұмысы бойынша маманы неге керек?
Жауап: Оқу барысында оқытушылар көп болады және олар ауысып тұрады, ал оқу жұмысы бойынша маманы оқуды бітіргенше Сізге сүйемелдеу жасайды. Оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша барлық сұрақтармен (төлем ақы, бағалар, рәсімдеу және т.б.) Сіз оған өтініш жасасаңыз болады.
Сұрақ: Оқу барысында менде ерекше жағдай туындаса кімге барамын?
Жауап: Ең алдымен факультеттің оқу жұмысы бойынша маманына, ол туындаған мәселені өз бетінше шешуге тырысады немесе оны кім шеше алатынын айтады. Әдетте бұл ерекше жағдайлардың көбін шешуге жеткілікті. Егер мәселе оқу материалдарымен, тесттермен, кафедра оқытушысымен байланысты болса онда кафедра меңгерушісінің қашықтықтан оқыту бойынша орынбасары - кафедра тьюторына барасыз. Егер мәселеңіз шешілмей жатса, деканның орынбасарларына, қашықтықтан білім беру қызметінің жетекшісіне немесе деканға барасыз. Егер бұл деңгейде де мәселе шешімін таппаса, онда оқу ісі бойынша проректорға барасыз.
Сұрақ: Қашықтықтан оқитын студенттерге оқу бойынша жұмыстан босату қарастырылған ба?
Жауап: Иә, қазақстандық заңнама бойынша біздің университет студенттері білім алу бағдарламасын сәтті игерген жағдайда оқуға байланысты ақысы төленетін жұмыстан босату алуына болады. Жұмыстан босатылу мерзімі мен ұзақтығы білім беру бағдарламасын игеру мерзіміне (аралық бақылауға 30-35 күн) және жұмыстан босатылудың нақты мақсатына (әр түрлі іс-тәжрибелерді өту, бітіруші жұмысты дайындау және қорғау, қорытынды мемлекеттік емтиханды тапсыру және т.б.) байланысты әр түрлі болуы мүмкін.
Сұрақ: Мен Қазақстан азаматы емеспін, сіздердің университетте қашықтықтан оқи аламын ба?
Жауап: Иә оқи аласыз, оқуға қабылдау талаптарын орындап, қажетті құжаттарды рәсімдеуіңіз қажет және оқу төлем ақысын университеттің банктегі шотына теңгемен аударуыңыз қажет.